Баспасөзге шолу. 03.18.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА
Сейсенбі күнгі басылымдар Қазақстан президентінің Оман Сұлтандығына сапары жайлы, Сенегалда аяқталған Ислам Конференциясы Ұйымының 11-ші саммитіне Қазақстаннан Марат Тажин басқарған делегацияның барып келгені туралы жазыпты. Бірқатар басылымдар білім және ғылым министрінің айтқан жаңалықтары, тұрғын үй мәселесі мен үлескерлердің проблемалары, бағаның қымбаттауы жайында мақалалар басыпты.
«Егемен Қазақстан» газеті «Үкімет сағатына Білім министрі келді» деген мақаласында министрдің сөзіне сілтемелеп, «республика халқының 99,5 пайызы сауатты. Әлемдегі 117 елдің ішіндегі сауаты жағынан 14-орынды иеленіп отырмыз» деп жазса, «Айқын» газеті: «Білім және ғылым министрлігі мектептен қашықта тұратын балаларды үй мен оқу ошағына тасымалдау мәселесін жолға қойып, ғылымдағы плагиаттыққа қарсы жүйелі түрде күрес жүргізбек. Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың осы салада оқырманға бұрыннан белгілі проблемалардан тыс айтқан жаңалығы осы болды» деп жазыпты.

«Жас Алаш» газеті «Маңқыстау жұрты АЭС салуға қарсы» деген мақаласында автор «не себептен қарсы?» деген сауалға, бес уәж келтіре келіп, «бұл мәселені шешу үшін, жергілікті халықтың пікірін ескере отырып, арнайы референдум өткізу қажет» деген тұжырым жасапты. Осы газет «Тахсин Аккаш Түрiк елшiлiгiн паналады. Оған қоқан-лоқы жасатқан кiм?» деген мақаласында «Түрiк азаматының соңына түсiп жүрген топ – Болат Назарбаевтың әйелi Майра Назарбаеваның тапсырмасын орындаушылар» деген болжам айтыпты.

Сонымен қатар «Жас Алаш» басылымы «Горбачев арифметикасы немесе саясат машақаттары» деген тақырыппен Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы» атты деректі романнан үзінді басуды жалғастырыпты. Осы газеттегі «Кең дала» елдi шулатып жатыр» деген тағы бір мақалада: «сенатор Қуаныш Сұлтанұлының мәлiмдеуiнше, Алматы облысы Панфилов ауданындағы әйгiлi Белжайлаудың 8000 га шұрайлы жерiн алматылық «Кең дала» фирмасы сатып алған көрiнедi. Бұған жергiлiктi халық қатты наразы. Сақадай сай қаруланған фирма жiгiттерi малын бағып тыныш отырған ауыл адамдарына: «Жазда жайлауға келмейсiңдер» деп, қоқан-лоқы көрсетiп кеткен. Мұндай бейбастықтыққа ашынған жұрт неге болса да белiн буып дайын отыр» деп жазыпты.

Бірқатар басылымдар Үкіметтің кезекті отырысында талқыланған тақырып «көктемгі бағаны ырықтандыру» туралы болғанын жазса, «Айқын» газеті «1 сәуір алдау күні ме, қымбаттау күні ме?» деген мақаласында: «Бүгін «қымбаттауы мүмкін» деген қауесет тараса болды, ертең шындыққа айналатын заман болды. 1 сәуірден бастап коммуналды қызметтің құны тағы көтеріледі екен деген әңгіме шыққалы бері жұртта маза жоқ. Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов әуелі «Біз оған жол бермейміз» десе, артынша «су мен газ құнын реттеуді жаз айларында қарастырамыз, ал жылу мәселесін күз айларына қалдырып отырмыз» деуінің астарында не барын түсіне алмадық» деп жазыпты.

«Литер» газеті Алматыдағы ірі супермаркеттердегі заттар жаппай арзан саудаға шығарылып жатқаны туралы жаза келіп: «Оның себебі, банктер несие беруді доғарғалы халықта ақша жоқ» депті.

«Время» газеті «Ақсақалдар үкімі» деген мақаласында Қырғызстанның Жалалабад облысындағы Қара-Жиғаш елді мекенінде 2002 жылғы Ақсый оқиғаларына тікелей кінәлі деп, сол кездегі Қырғызстан президенті Асқар Ақаев пен қазіргі президенті Құрманбек Бакиевті «халық соты» соттағаны туралы жазыпты.

«Айқын» болса «Қырғыздар Таласқа таласып жатыр» деген кішкене мақаласында «Қырғыз Жоғары кеңесінің депутаттары Талас облысы шегіндегі Қазақстанмен арадағы мемлекеттік шекара бойынша талас туғызған учаскелерді зерттеуге аттанған арнайы комиссияның жұмыс қортындысын сәуір айында палата отырысында талқылауды жоспарлап отыр» дей келіп автор «Ал біздікі ше?...» деп сұрапты.

«Литер» мен «Айқын» газеттері Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың «Елбасы Жолдауында көрсетілген тапсырмалардың қалай орындалып жатқаны туралы» осы газеттерге берген сұхбатын басуды бастапты. Сонымен қатар осы газеттер Болат Өтемұратовтан алған сұхбатын «Спорт, демалыс және... саясат» деп атапты.

«Мегаполис» апталығы «Құрылыс алаңы» деген топтамасында осы саладағы өзекті проблемаларға тоқтап, «биліктің соңғы шешіміне сәйкес тоқтап қалған құрылыс нысандарындағы пәтерлерді әр шаршы метріне 944 доллардан сатып алатын болды» деп жазыпты.