«Металлист» зауытында заңсыз қару жасаған деген күдікпен бір адам ұсталды

Қазақстанның Орал қаласындағы «Металлист» қару жасау зауытында жалғыз өзі қылмыстық топтарға арнап заңсыз қару жасап сатқан деп күдіктеліп отырған адам ұсталды. Бұл туралы Астанада Қазақстанның Ішкі істер министрлігі баспасөз мәжілісінде хабарлады. Ал, отставкаға кеткен кейбір жергілікті офицерлердің пікірінше, Қазақстандағы жалғыз қару зауытының қадағалауға Ішкі істер министрлігі өзі жауапты және бұл зауытта басшыларымен байланыспай жалғыз адам қару жасай алмайды, оның үстіне осы зауытқа жуырда сырттай сотталған президент Назарбаевтың бұрыңғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрыңғы төрағасы Әлнұр Мұсаевтың қатысы болуы мүмкін, дейді олар.
Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында орналасқан «Металлист» кәсіпорны - елдегі жалғыз қару зауыты. Полиция мәліметінше, «Металлист» зауытында қаруды бір адам жасаған.

«Кәсіпорын басшылығы бұл адамның заңсыз әрекет жасағандығын білмеуі де мүмкін, себебі оның бөгделерге кіруге болмайтын бөлмесі болған», - дейді полиция өкілдері.

Қазір тергеушілер режимдік кәсіпорын басшыларының қылмысқа қатысын тексеріп жатыр деп хабарланды. Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция комитеті бастығының орынбасары Бекет Аймағанбетовтың айтуынша, күдіктіден көп нәрсе тәркіленген.

«Дәлірек айтқанда: токарлық жабдық, тапанша, мылтық, автомат жасауға қажет көптеген қосалқы бөлшектер, шусыз ататын қаруға қажет әдебиет, дәлдеуге қажет жабдық жасайтын схемалар, Батыс Қазақстанмен шекаралас жатқан ресейлік құқық қорғау органдарының мөрлері тәркіленді», - дейді Аймағанбетов.

Оның айтуынша, шекарадан өтер кезде күдіктілер түрлі тауар ретінде қару өткізіп отырған. Ал тауарға қажет құжаттарға сол мөрлерді соғып отырған.

Криминалдық полиция комитетінің бастығы орынбасарының айтуынша, қару жасаған зауыттың білікті жұмыскері күзеттен күмән туғызбайтын қару бөлшектерін зауыттан алып шығып, үйіне апарып арнайы жабдықталған өз гаражында жинаған.

Астана мектептерінің бірінде бастапқы әскери дайындықтан сабақ беретін отставкадағы полковник Амангелді Ерекешевтің пікірінше, Қорғаныс министрлігі тек қару жасауға тапсырыс береді, ал Ішкі істер министрлігінің өзі бұл зауытты қадағалауға жауапты, дейді ол.

Отставкадағы полковник Амангелді Ерекешев бұл зауыт қазақстандық полиция үшін қару жасайды деп отыр.

«Бірақ, зауыт қазір жеке меншіктің қолында - миллиардер Александр Машкевичтің иелігінде. Бұл зауыт Кеңес одағы кезінде тек оқ-дәрі шығаратын, ал қазір Ресейден патент алған зауыт оқ-дәрімен қатар Калашников автоматтарын жасайды», - дейді Ерекешев.

«Сондықтан жалғыз адам заңсыз қару істей алмайды. Демек, күдікті зауыт директорымен, цех бастығымен және технологпен байланысты болған», деген жорамал айтады Ерекешев.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, заңсыз жасалған қару жасанды құжаттармен көршілес Саратов облысына жіберіліп отырған. Күдікті жасанды қаруларының әрқайсысына белгі соғып отырыпты.

Енді жергілікті полиция бұл қаруды оңай табамыз деп отыр. Ал, «Патриоттар» партиясы төрағасының орынбасары отставкадағы генерал Айтқали Есенқұлов бұл зауыт қару жасағанын ол білетінін айтады.

- Оған президент Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевтың қатысы бар-мыс. Сондықтан бұл жөнінде мен ақпарат бермеймін, - дейді Есенқұлов.

Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің соңғы мәліметінше, Қазақстанның Орал қаласы мен Ресейдің Саратов қаласында жүргізілген екі елдің біріккен операциясы барысында Қазақстанда қару жасап сататын күдіктілер ұсталды. Ресейлік полиция жуырда Самара қаласында Орал шебері жасаған дыбыс бәсеңдеткіші бар 4 тапаншаны қылмыстық топтарға сатпақшы болған күдіктіні тұтқындады.