Буш: Ресей Грузияға қатысты қазіргі бағытын өзгертуі тиіс

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

АҚШ президенті Грузиядағы жағдайға байланысты АҚ үйде мәлімдеме жасады. 11тамыз, 2008 жыл

Қытайдағы жаздық Олимпиададан келісімен АҚШ президенті Джордж Буш Ресейді Грузия-Ресей жанжалын тоқтатуға күш салушы халықаралық арағайындық ұсыныстарды қабылдауға шақырды.
Құрама Штаттардың Ұлттық қауіпсіздік кеңесімен кездескеннен кейін Ақ үйдің Раушан бағында, журналистер алдында сөйлеген сөзінде АҚШ президенті Джордж Буш: “Ресей үкіметі Грузияның территориялық тұтастығын және егемендігін сыйлауы тиіс. Ресей үкіметі өзі қазір ұстанып отырған бағытын өзгертіп, бұл жанжалды шешудегі алғашқы қадам ретінде осы бейбіт келісімді қабылдауға міндетті”,-деді.

"Оңтүстік Осетиядағы жағдайды осы соғыс басталардан бұрынғы қалпына келтіруді ғана ойлаудамыз",- деп АҚШ тарапына берген уәдесін Ресей орындауы тиіс деді Буш.
Грузия халқы сайлау арқылы сайланған демократиялық үкіметтің қызметіне Ресей қауіп төндіруде. Мұндай қадамға 21 ғасырда жол жоқ деді ол.

Сондай-ақ Грузия тарапы қазірдің өзінде қол қойып үлгерген бейбіт келісімге Ресейдің келісімін алу үшін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, ЕуроОдақ ұйымдарының өкілдері Мәскеуде болды деді АҚШ президенті.