АҚШ пен Ресей өздерінің Грузиядағы рөлі туралы

АҚШ президенті Джордж Буш Ресейден Грузияның егемендігі мен территориялық тұтстығын құрметтеуді талап етті, Вашингтон, 13 тамыз, 2008 ж.

Сәрсенбі күнгі мәлімдемесінде Дж.Буш ресми Мәскеудің әрекетін айыптап, Ресей әскерін Грузиядан кетуге шақырды. Тбилиси Ресей әскерінің Грузия жеріндегі қозғалысына қарсылығын білдірді.
Өткен сәрсенбіде АҚШ президенті Дж.Буш ресми Вашингтонның Грузия үкіметін қолдайтынын тағы да қайталап, ресми Мәскеуге АҚШ-тың не “арнайы жобасын”, не Ресеймен арадағы ынтымақтастығын таңдауға мәжбүр болатынын ескертті. Бұл ескертуін Дж.Буш Ақ үйде жасады.
Дж.БУШ: “Америка Құрама Штаттары Грузияның демократиялық жолмен сайланған үкіметімен бірге. Біздің талабымыз: Грузияның егемендігі мен территориялық тұтастығы құрметтелуге тиіс. Ресей Грузияның қазіргі билігін ауыстыруды көздемейтінін мәлімдеді. Америка Құрама Штаттары мен дүниежүзі Ресейдің өз міндеттемелерін орындауын күтеді”.

Президент Буш Мәскеу мен Тбилисиді өзара бітімге жеткізген Франция президенті Н.Саркозиге алғыс айту үшін сәрсенбі күні кешкісін АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы К.Райсты Парижге жіберетінін хабарлаған болатын. К.Райс, оның өз сөзімен айтқанда, “грузин халқы мен оның демократиялық үкіметін АҚШ-тың барынша қолдайтынын жеткізу үшін” Парижден Тбилисиге барады.

Өз кезегінде Ресейдің сыртқы істер министрі С.Лавров Дж.Буштың жоғарыда айтқан сөзіне жауап қайтаруға асықты.
С.ЛАВРОВ: “Грузияның қазіргі басшылығы Америка Құрама Штаттарының арнайы жобасы екенін біз, әрине, түсінеміз, жалпы алғанда ол туралы ашықтан-ашық жазып жатыр. Біз АҚШ-тың осы жобасының тағдырына алаңдап отырғанын да түсінеміз. Алайда, белгілі бір уақытта виртуалдық жобаның абыройы мен шынында да ұжымдық іс-қимылды талап ететін мәселелер бойынша шынайы әріптестіктің бірін таңдау қажеттігі туады”.

Еуропаға аттанарының алдында К.Райс: “С.Лавровтың сөзі Ресейдің Грузия үкіметіне қатысты қатты адасатынын көрсетіп берді”, -деп мәлімдеді. Ол атап көрсеткендей, қазіргі жанжалда кімнің жағын қолдайтынын АҚШ таңдап қойды. Оның айтуынша, бәлкім Ресей “қырғиқабақ соғысының” заманы емес екенін ұмытса керек.
К.РАЙС: “Бұл – 1968 жыл емес және Чехословакияға басып кіріп, Ресей көрші елдерге қатер төндіріп, астанасын басып алып, үкіметті құлатқан және ол үшін ешқандай жауапқа тартылмайтын заман емес. Уақыт өзгерген”.

Ресей мен Грузия арасындағы бітімнің шарттары – Оңтүстік Осетия мен Абхазияның келешектегі мәртебесі мен қауіпсіздігі бойынша келіссөзге шақырған шарттар мақұлданған сәрсенбі күні, таңсәріде бітім күшіне енді.
Алайда, көп ұзамай Мәскеудің бітімді бұзғаны туралы хабар шыға бастады. Дж.Буш осы хабарға алаңдағанын айтып, Ресейді өз міндеттемелерін орындауға шақырды.
Дж.БУШ: “Ресей де соғыс операцияларын тоқтатып, уақытша бітімге келіскенін мәлімдеген болатын. Өкініштісі, біз Ресейдің осы міндеттемесімен ұштаспайтын іс-қимылға барғаны туралы хабар алып отырмыз. Ресейлік соғыс техникаларының Гори қаласының маңына орналасып, Шығыс-Батыс тас жолын бөгеуге, елді қақ бөліп, Тбилисиге қауіп төндіруге мүмкіндік беретіні туралы хабарға алаңдаймыз”.

Дж.Буш бұл сөзін ресейлік соғыс техникасының керуені Гори қаласынан шығып, Тбилисиге баратын жолға түскені жайлы хабардың ізінше айтты. Кейінірек Грузия İшкі істер министрлігінің өкілі Екатерине Згуладзе ол хабарды теріске шығарып, “Ресей әскері Тбилисиге бара жатқан жоқ”, -деп мәлімдеді.

Баспасөз агенттіктері Гори мен Тбилисидің арасындағы жолға грузин күштерінің күзет постын орнатқанын хабарлады.
Ресми Мәскеу Гори қаласының маңындағы Грузияның әскери базасынан қару-жарақты тәркілегенін мойындап, бүкіл грузин армиясынан казармаларға оралуды өтінді.

Бейсенбі күні келген хабарға қарағанда, Ресейдің Қорғаныс министрлігі Гори қаласын қадағалауды Ресей әскері Грузияның құқық қорғаушыларына тапсырған. Ресей министрлігі мәлімдегендей, Ресей әскері мен соғыс техникасы осы ауданнан 2-3 күннен кейін толығымен шығарылады.
Ал сәрсенбі күні Тбилиси мен Мәскеу “халықаралық ережелерді бұзды” және “бейбіт халыққа қарсы зұлымдық жасады” деп бір-бірін айыптаумен болды. Орыстар өзінің іс-әрекетін “бітімді нығайту” және “Оңтүстік Осетия мен Абхазия тұрғындарын қорғау” міндетімен ақтауға тырысып бақты.
Екі республика халқының басым көпшілігіне Ресей азаматтығы берілген. Кремль Грузияны Оңтүстік Осетияда “геноцид” саясатын жүргізді” деп айыптап, грузин әскерінің бұл қылмысын тиянақты тергеуді талап етті.
Өзінің Ақ үйде сөйлеген сөзінде Дж.Буш бейбіт халықты шабуылдардан қорғау міндетін Ресейдің есіне салып, Грузияға қайырымдылық көмегінің келе бастағанын атап көрсетті.

Дж.БУШ: “Біз Ресейден қайырымдылық көмегінің барлық түрін өткізуге деген міндеттемесін орындайды деп күтеміз. Біз Ресейден коммуникация мен көлік тасымалының барлық жолы, теңіз порттарын, әуе жайларды, аутожолдар мен әуе кеңістігі бәрі де – қайырымдылық көмегі мен жолаушыларды жеткізуге ашық тұрады деп тосамыз. Біз Ресей Грузиядағы барлық соғыс қимылын доғару туралы міндеттемесін бұлжытпай орындайды деп үміттетеніміз. Сондай-ақ біз Грузияға соңғы күндері кірген барлық Ресей әскері осы елден кетеді деп күтеміз”.

БҰҰ-ының есебі бойынша, Ресей-Грузия жанжалының салдарынан 100 мыңнан астам адам босқынға айналды.
13 тамызда Ресей Бас штабы бастығының орынбасары А.Ноговицын хабарлағандай, Ресей әскерінің қатарында 74 адам қаза тауып, 171 адам жараланды, 19 жауынгер хабарсыз жоғалды. Ресейдің мәлімдеуінше, 5 күндік шайқастың барысында Оңтүстік Осетияның 2 мың бейбіт тұрғыны қырылып, тағы мыңдаған тұрғын үйлерін тастап босып кетті.
12 тамыз күні Грузия 200 жауынері мен бейбіт тұрғынның қаза болып, жүздеген адамның жараланғанын ресми түрде хабарлады.