Үкімет бюджетке енгізілетін толықтырулар мен өзгерістерді мақұлдады

Бүгін Астанада болған үкіметтің отырысында 2009-2011 жылдардағы республикалық бюджетке толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы заң жобасы мақұлданды.

Аталған заң жобасы күшіне енетін болса, 2009 жылы бюджетке түсетін қаржының көлемі 2 триллион 837,4 миллиард теңгені (шамамен 19 миллиард доллар) құрайды. Бюджеттің шығыны 21,2 миллиард теңгеге қысқартылды (шамамен 140 миллион доллар). Ал бюджеттің жалпы көлемі 3 триллион 411 миллиард теңге (шамамен 23 миллиард доллар).

Республикалық бюджеттің дефициті 573,6 миллиард теңгеге (шамамен 3,8 миллиард доллар) жетеді деп жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш ішкі жалпы өнімнің 3,4 пайызын құрайды.