Кәрім Мәсімов онлайн конференциясы өтетін сайтты атады

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов.

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің онлайн конференциясы zakon.kz сайтында өтеді. Бұл туралы "Твиттердегі" парақшасында Кәрім Мәсімовтің өзі хабарлады.

«Адал дауыс беру аяқталды. zakon.kz жеңді. Құттықтаймын! Баспасөз қызметіне zakon.kz-мен бірге онлайн конференцияға дайындалуды тапсырамын», - деп жазды бүгін "Твиттерге" Кәрім Мәсімов.

Осының қарсаңында Кәрім Мәсімов Азаттық радиосының сайтында баламалы онлайн-конференция өткізуге уәде берген болатын.

Қазақстан премьері өзінің блогында қай вебсайтта онлайн-конференция өткізуі керектігі туралы кеңес сұраған, соған қатысты бірнеше вебсайттар ұсынылып, өткен аптадан бері дауыс берулер жүргізілді. Премьер-министр сауалнаманың қорытындысын сәуірдің 28-де жариялауға уәде еткен еді.

Сәуірдің 26-да Азаттық радиосы Мәсімовтың ұсынысына қатысты өз оқырмандарын Азаттық сайтының кандидатурасын қолдап дауыс беруге шақырды. Осыдан кейін Мәсімовтың сайтында Азаттық радиосы 75 пайыз дауыс жинаған еді, бірақ бұл көрсеткіштер сәлден кейін жойылып тасталды.