Алматыда тұмауға қарсы дәрі-дәрмектердің бағасы бақылауда

«Қазақстанда доңыз тұмауының (А(H1N1)) белең алуы: оның алдын алуға бола ма?», — деген тақырыпта өткен баспасөз мәслихатына жиналғандар қазіргі таңда қала бойынша тұмауға қатысты пайдаланылатын барлық дәрі -дәрмектердің бағасы белгіленгендігін айтты, — деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Сондықтан егер дәрі-дәрмек пен бет перденің бағасын әдейі өсіріп сату әрекеттері кездесер болса, дереу жергілікті денсаулық сақтау басқармасына хабарлау қажет.

«Қазіргі таңда Қазақстан бойынша доңыз тұмауын жұқтырғандар саны — 15. Олардың барлығы шет елге сапар шегіп келгендер. Алматы бойынша екі адам тіркелген болатын, алайда дүйсенбі күні екінші тіркелген азаматқа қатысты карантин алынып тасталды. Сондай-ақ онымен байланыста болған адамдардың барлығы да тексеруден өтті, олардан ешқандай вирустың белгілері анықталған жоқ», — дейді Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Еркін Дүрімбетов.

Ал республикалық санитарлық – эпидемиологиялық станцияның бас дәрігері Кеңес Оспановтың айтуынша, «дәл қазір алаңдауға, халықтың дүрлігуіне еш негіз жоқ, алайда алдын алу шаралары мен шет елдерге сапарды тоқтата тұру артық болмайды».