Ингушетия президенті үйіне оралды

Ингушетия жетекшісі сенбі күні үйіне оралды. Қастандық әрекетінен қатты жараланған Юнус-Бек Евкуров екі ай Мәскеуде емделіп жатты. Франц-пресс ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Евкуров ұшақ баспалдағынан ақсаңдап түскен. Журналистерге берген сұхбатында Евкуров лаңкестікке қарсы күрес аяусыз жүргізіледі деп мәлімдеді.

Әскери-әуе күштерінің бұрынғы қолбасшысы Юнус-Бек Евкуровты өткен жылы Кремль Ингушетия президенті етіп тағайындаған болатын. Евкуров маусымның 22-і күні Назран қаласында орын алған бомба жарылысынан жарақат алған-ды.