Мьянма соты Су Чжидің шағымын қарауға келісті

Мьянма соты демократиялық оппозиция көсемі Аун Сан Су Чжиге қарсы жақында шығарылған шешімге қатысты шағымды қарайды. Судьяның хабарлауынша, апелляция 18 қыркүйекте қаралады.

Тамыз айында сот бір американдық азаматтың көлден жүзіп өтіп Су Чжидің үйіне барғаны үшін оппозиция басшысын үйқамақтың ережесін бұзды деп айыптап, қамаудағы мерзімін тағы 18 айға ұзарту туралы шешім шығарған болатын. Соттың бұл шешімі халықаралық қауымдастықтың наразылығын туғызды. Сарапшылар әскери хунта осы арқылы Су Чжиді келесі жылғы сайлаудан шеттеткісі келеді деп есептейді.

Нобель сыйлығының 64 жастағы иегері Су Чжиді қамау туралы үкім шыққанына биыл 20 жыл толды. Оның 14 жылын ол қамауда өткізді.