Ахмадинежад Иран жоғары деңгейде уран байытады деді

Иран президенті Махмуд Ахмадинежад БҰҰ-ның атом энергиясы жөніндегі агентігінің қарарын заңсыз деп, Теһранның ядролық жұмыстарына қатысты айтылған сындарды қабылдамады.

Ахмадинежадтың айтуынша, Теһран МАГАТЭ-нің уран байыту жұмыстарын тоқтатуды талап еткенін айыптай отырып, өзінің ядролық зауыттары үшін 20 пайыз байытылған отын өндіретін болады.

Жексенбі күні Иран МАГАТЭ-нің қарарына жауап ретінде өзінің тағы 10 уран байыту зауытын құратынын мәлімдеген. Ол қарарды осыған дейін Иранға санкция салуға қарсы болып келген Ресей мен Қытай қолдаған болатын.