Таиланд соты қазақстандық ұшқыштарды қамауда ұстау мерзімін созды

Таиланд соты Бангкокта ұсталған қазақстандық ұшқыштарды қамауда ұстау мерзімін тағы 12 күнге созды. 35 тонна қару тиеген ИЛ-76 жүк ұшағының экипаж мүшелеріне қатысты сот тыңдаулары үшінші рет өтіп, келесі тыңдаулар 18-ші қаңтарда жалғасады. Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров хабарлады.

Сондай-ақ Омаровтың мәлімдеуінше, 8-ші қаңтарда қазақстандық ұшқыштарды тергеу амалдары Қазақстанның Таиландтағы дипломатиялық миссияның қатысуымен өтеді. Таиланд билігі қамаудағылардың мерзімін созу жөніндегі сот тыңдауларын арасына 12 күн салып, 7 рет өткізе алады.

Өткен жылдың 12-ші желтоқсанында Cолтүстік Кореядан шыққан Ил-76 ұшағы Бангкокқа қонғанда, заңсыз қару-жарақ тасып бара жатыр деген күдікпен жүк ұшағының бес адамы ұсталған. Олардың төртеуі Қазақстан азаматтары– Ілияс Исақов, Александр Зрыбнев, Виталий Шумков және Виктор Абдуллаевты қазір Таиландтың заң орындары тергеп жатыр.