Олимпиада: Денис Тен шағын бағдарламада алғашқы ондыққа енді

21-ші қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен шағын бағдарлама бойынша 10-шы орынға жайғасты. Қазылар алқасы 16 жастағы студенттің өнеріне 76.24 ұпай берді.

Тағы бір қазақстандық жас атлет Абзал Рақымғалиев 26-шы нәтижемен жарыстың қорытынды кезеңіне өте алмады. Рақымғалиев шағын бағдарламасы үшін 55.88 ұпай жинады.

Ең жоғары нәтиже - 90.85 ұпай - Турин Олимпиадасының жеңімпазы - ресейлік Евгений Плющенкоға қойылды. 2009 жылғы әлем чемпионы - американдық Эван Лисачек екінші (90.30), жапон Дайсуке Такахаси (90.25) үшінші орында тұр.

Барлығы 30 спортшының ішінен іріктеліп екінші кезеңге өткен 24 атлет 18 ақпанда еркін бағдарлама бойынша жарысады.