Астанадағы өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды

Астана қаласындағы бұрынғы бомбапана ғимаратының өртенуіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Владимир Божко хабарлады.

Бүгін таңертең өртенген ғимараттың ішінен өрт сөндіру қызметінің үш басшысының күйген денелері табылды.

Бұған дейін қалалық өрт сөндіру қызметінің бөлім басшылары өртеніп жатқан ғимаратты тексеруге кеткеннен оралмады деп хабарланған еді. Алайда төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі бұл хабарды жоққа шығарды.

Бұрынғы бомбапана ғимаратындағы өрт сәрсенбі күні тұтанды. Өртпен екі күн бойы алысқан өрт сөндірушілер тілсіз жауды жұма күні таңертең ғана ауыздықтады деп хабарланды.