Израиль Батыс жағалауға блокада жасады

Израиль қауіпсіздік себептеріне байланысты Батыс жағалауға 48 сағатқа блокада жасады. Полицияның мәлімдеуінше, жұма күні сондай-ақ 50 жастан кіші мұсылмандардың Иерусалимдегі "Әл-Ақса" мешітінде намаз оқуына тыйым салынады. Аймақта толқулар болуы мүмкін деген болжам айтылып отыр.

Соңғы апталарда Иерусалим мен басқа жерлердегі мешіттерде жұма күнгі намаздан кейін бірқатар қақтығыстар орын алған болатын. Бұған бейбітшілік келіссөздерінің тығырыққа тірелуі мен Израилдің Батыс жағалаудағы екі қасиетті жерді ұлттық мұра ескерткіштері тізіміне қосуы себеп болды. Қақтығыстарда бірнеше палестиналық азамат қатты жараланды.