Бағдадтағы 6 жарылыстан 49 адам опат болды

Соңғы мәлімет бойынша, Бағдад қаласындағы жарылыстардың құрбандары 49 адамға жетті, 160-тан астам адам жараланды.

Соңғы мәліметке қарағанда, сейсенбіде Ирақ астанасында бір сәтте 6 жарылыс болып, бесеуі негізінен шийт мұсылмандары тұратын кварталдарда, тағы бірі жергілікті базарда болды.

Бұл Бағдадта соңғы 5 күн ішіндегі төртінші тізбекті қастандық болып отыр. Олардың салдарынан бас-аяғы 100-ден астам адам мерт болды.

Қастандықтар Ирақтағы 7 наурызда болып өткен парламент сайлауынан кейін өршіп кетті. Парламенттегі мандаттарды өзара бөліскен саяси партиялар мен блоктар бірнеше аптадан бері жаңа үкіметті жасақтау үшін өзара уәжге келе алмай отыр.