АҚШ соты ауған имамын елден қууға бұйрық берді

АҚШ-тың федералдық соты Ахмад Афзали имамды елден қууға бұйрық шығарды. Нью-Йорк метросындағы қастандық жарылысты әзірлеу ісін тергеу барысында имам жалған жауап берді деп танылған соң осындай шешім қабылданды.

Афзали имам АҚШ-тан 90 күннің ішінде кетуге тиіс немесе ол Ауғанстанға күштеп жөнелтілетін болады. Афзали – АҚШ азаматы болмаса да, Нью-Йорк мешітінің имамы қызметін атқарды. Ол Наджибулла Зазидің ісіне қатысы бар деген күдікпен өткен жылдың қыркүйегінде тұтқындалды.

Денвердің 24 жастағы тұрғыны Зазиге «Әл-Қаида» ұйымына қатысы бар және Нью-Йорк метросының бекетінде террористік қастандық ұйымдастырмақ болды деген айып тағылды.

Ал тергеуге көмектесемін деп ықылас білдірген имамның өзін Зазиге оны АҚШ үкіметінің бақылап жүргенін айтып қойды деп айыптады.