Қырғызстанда Бакиевтің баласына қарсы іс қозғалды

Қырғызстанның биліктен қуылған президенті Құрманбек Бакиевтің баласы Максим Бакиевке Бішкек маңындағы АҚШ базасына жанармай жеткізуге қатысты корруциялық жанжалға қатысы бар деп күдіктеліп отыр.

Жергілікті ақпарат құралдарының прокуратураға сілтеме жасап жазуынша, Максим Бакиевтің фирмасы биліктің қаулысымен баж салығынан босатылып, Ресейден сатып алынған 1,8 миллион тонна ұшақ жанармайын американдық әскери базаға жеткізіп тұрған.

Осының алдында қырғыздың уақытша үкіметі бұрынғы президент Бакиев пен оның туыстарына бірқатар айыптар таққан. Құрманбек Бакиев сәуірдің 7-дегі жаппай баскөтерулерден кейін биліктен кетірілген.