АҚШ-та ұсталған Ресей азаматтары отанына депортацияланды

АҚШ-та маусым айының соңында Ресей үшін тыңшылық жасаған деген күдікпен ұсталған азаматтар отанына депортацияланды.
Бұл туралы Associated Press агенттігі америкалық құқыққорғау органдарындағы дерек көзіне сілтеме жасап хабарлады.

Мұның қарсаңында Ресей сыртқы істер министрлігі және АҚШ мемлекеттік департаменті екі ел арнайы қызметтерінің он ресейлік агентті Ресейде Батыс үшін тыңшылық еткен деген айыппен сотталған төрт кісіге ауыстыру туралы келіскендігін растады.

Ресей президенті Дмитрий Медведев төрт кісіні - Александр Запорожский, Геннадий Василенко, Сергей Скрипаль және Игорь Сутягинге рақымшылық ету туралы жарлыққа қол қойды.

Нью-Йорк соты бейсенбі күні ресейлік азаматтарды депортациялау туралы шешім шығарды. Ресей азаматтары АҚШ аумағында тіркелмеген шетел агенттері ретінде әрекет етті деген айыпты мойындады.