Қырғызстанда ұлтаралық қақтығыс себептерін комиссия анықтайды

Қырғызстанда маусым айындағы ұлтаралық қақтығыстардың себептерін анықтауға арналған комиссия құрылды.

Уақытша үкімет өкілдерінің «Интерфакс» агенттігіне хабарлауынша, комиссия қақтығыстарға қатысты қорытындысын осы жылы қыркүйектің 10-ына дейін республика президенті Роза Отунбаеваға тапсыруы керек.

Сәрсенбі күні халықаралық «Хьюман Райтс Вотч» ұйымы Қырғызстан оңтүстігінде өзбектерге зорлық-зомбылық көрсетіліп жатыр, мұның арты жаңа қақтығыстарға ұласуы мүмкін деп мәлімдеген еді.

Өткен айда Ош және Жалал-Абад облыстарында ұлтаралық қақтығыстар салдарынан жүздеген адам қаза тауып, жүз мыңдаған өзбек босып кетті.