Барак Обама 31 тамызда ұлтқа арнап сөз сөйлейді

31 тамыз күні АҚШ президенті Барак Обама ұлтына арнап сөз сөйлеп, сөзін Ирақтан АҚШ армиясының әскери бөлімдерін шығару мен АҚШ-тың Ауғанстандағы стратегиясына арнайтын көрінеді. Ирақтан АҚШ армиясының алғашқы бөлімдерін шығару бірнеше күн бұрын ғана аяқталған болатын.

Ақ үйдің ресми өкілі Билл Бертон хабарлағандай, Б.Обама Америка азаматтарына АҚШ-тың Ауғанстандағы миссиясының түпкі мағынасын түсіндіріп беруге тырысады.

Өз сөзінде президент АҚШ әскерилерінің Ирақтағы негізгі міндеті атқарылды деп және Ауғанстандағы «Әл-Қаидаға» қарсы күресті «басты міндет» деп мойындайтын сияқты.

Б.Бертонның сөзіне қарағанда, Барак Обама АҚШ армиясының көпшілігі Ирақтан шығарылған соң, елдің қауіпсіздігін Ирақ үкіметінің өзі қамтамасыз ете алады деп сенеді.