Ауғанстанда бейбіт келіссөз жүргізетін мекеме құрылды

Сейсенбі күні Ауғанстан үкіметі көтерілісшілермен арада бейбіт келіссөз жүргізу үшін құрылған бейбітшіліктің Жоғарғы кеңесінің құрамын жариялады.

Оның қатарына 70-ке тарта адам, оның ішінде Ауғанстанның бұрынғы президенті Бурхануддин Раббани, Талибан қозғалысының бұрынғы мүшелері, 80-90-ыншы жылдардағы ауған билігінің кейбір қайраткері мен азын-аулақ халықтардың өкілдері кіреді.

Ауғанстандағы НАТО күштерінің бас қолбасшысы, АҚШ генералы Дэвид Петреус Ауғанстандағы ұлттық бітімге келуге деген ұмтылысты қолдады және көтерілісшілердің кейбір жекелеген тобының бейбіт келіссөзге қызығып отырғанын хабарлады.