Қырғызстанда парламентке өтпеген партия жақтастары митинг өткізді

Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласында парламентке өтпей қалған «Біртұстас Қырғызстан» партиясын қолдайтын мыңға жуық адам митингіге шықты.

Жиналған жұрт дауыстардың ресми есебімен келіспейді және партия өкілдеріне депутат мандаттарын беруді талап етеді. Болмаса, Бішкекке шерулеп баратындарын ескертеді.

Одан бұрын аталмыш партияның қолдаушылары Бішкек-Ош автомагистралін бөгеп алған болатын.

Партия көсемі – бұрынғы парламент спикері әрі Қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы Адахан Мадумаров - өз үзеңгілестерін сабырлыққа шақырды.

Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың бастапқы нәтижесі ғана жарияланғанын уәжге келтіріп, дау туғызған дауыстарды қайта есептеуден бас тартып отыр.