Сауд Арабия Ирақ саясаткерлерін келіссөзге шақырды

Сауд Арабия бірнеше ай бойы үкімет жасақтай алмай жатқан ирақтық саясаткерлерді Әр-Риядқа шақырды. Наурыз айында парламент сайлауын өткізген Ирақ әлі жеңімпазын анықтай алмай, үкімет құруда саяси дағдарысқа ұшырап отыр.

Сайлауда бұрынғы премьер-министр Айад Алави жетекшілік ететін сүнниттер коалициясы қазіргі премьер-министр Нури әл-Мәликидің шийттер блогынан аздаған басымдықпен алға шыққан.

Енді Сауд Арабия патшасы Абдулла қараша айының ортасында жылдық қажылық аяқталған соң, Ирақ президенті Жалал Талабани бастаған саясаткерлерді өз еліне келіссөз өткізуге шақырды.