Жүлдемен оралған қазақстандық спортшылардың сыйақысы өсті

Қазақстан үкіметі олимпиадалық спорт түрлерінен халықаралық жарыстарда медальмен оралған спортшылардың сыйақысын екі есеге көбейтіп отыр. Бұл туралы хабарлаған "Новости-Казахстана" агенттігі бүгін осыған сәйкес үкіметтің қаулысы ресми БАҚ-та жариялануы тиіс дейді.

Қаулыға сәйкес, халықаралық жарыстарда алтын медаль алған спортшыларға 13 мың АҚШ доллары көлемінде бір реттік сыйақы беріледі. Бұған дейін 7 мың доллар беріліп келген еді.

Күміс медальға қол жеткізгендер 10 мың АҚШ долларын, ал қола медаль иегері 6 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алады.

Бұған қоса, спортшылардың жаттықтырушыларына да берілетін сыйақы көлемі өсіп отыр. Әлем чемпионатында алтын медаль алған спортшының жаттықтырушысы 10 мың доллар, "күміс" үшін 5 мың доллар, ал қола медаль иеленген спортшының жаттықтырушысы 3 мың доллар сыйақы алады.