АҚШ: WikiLeaks жоспары адам өміріне қауіп төндіреді

АҚШ мемлекеттік департаменті WikiLeaks вебсайтының АҚШ үкіметінің құпия құжаттарын интернетте жариялау туралы жоспарын жауапсыз әрекет деп атады.

Мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысы Филип Кроулидің мәлімдеуінше, ол адамдардың өміріне және мүдделерге қауіп төндіреді. Вашингтон ел үкіметтерін құпия ақпараттың жайылып кетуі туралы ескертті деді Кроули. Оның айтуынша, АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Германия, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб әмірліктері, Ұлыбритания, Франция және Ауғанстан басшыларымен сөйлескен.

WikiLeaks сайты жақын арада АҚШ Мемлекеттік департаментінің мыңдаған құпия құжаттарын жариялауға дайындалып жатқаны туралы хабарланған болатын.

Сенбі күні Австралия да бұл жоспарды айыптап, WikiLeaks әрекетін "абайсыз қылық" деп сипаттады.