Африкалық делегация Кот-д’Ивуардағы дағдарысты реттеуге барды

Бүгін Батыс Африка елдерінің жетекшілері қараша айындағы президент сайлауынан бері саяси дағдарысқа тап болған Кот-д’Ивуарға барды. Олар осы елдегі дағдарысты реттеуге тағы бір мәрте күш салып көрмек.

Бенин, Сьерра-Леоне және Кабо-Верде елдерінің президенттері мен Кения премьер-министрі Кот-д’Ивуардың қазіргі президенті Лорен Гбабгоны үгіттеп, билікті қарсыласына -  сайлауда жеңіске жеткен Алласан Уаттараға беруге көндірмекші.

Батыс Африканың Экономикалық қауымдастығына мүше 15 ел өткен аптада егер Гбабго орнынан кетпесе, оған қарсы әскери күш қолданылуы мүмкін екенін ескерткен.