Муаммар Каддафиге қысым күшейіп жатыр

Халықаралық қауымдастық Ливия жетекшісі Муаммар Каддафиге қарсы қысымды күшейтіп жатыр.

БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунның мәлімдеуінше, Қауіпсіздік кеңесі бүгін Ливиядағы дағдарысты талқылайды. Пан Ги Мунның айтуынша, ол Каддафимен телефон арқылы сөйлесіп, наразылық танытушыларға жасалып жатқан зорлық-зомбылықты тоқтатуға шақырған.

Елді 42 жылдан бері басқарып келе жатқан Каддафиге қарсы наразылық танытушыларды басып-жаншу барысында жүздеген адам қаза тапты. Сейсенбі күні Каддафи телеарна арқылы мәлімдеме жасап, Ливиядағы қырғынды "өтірік пен өсек" деп жоққа шығарды. Сонымен қатар ол өзінің елден кетпегендігін айтты.

Бүгін Араб лигасы да Каирде төтенше жиналыс өткізіп, Ливиядағы дағдарысты талқылайды.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Ливиядағы қантөгісті тез арада тоқтатуға шақырды. Қытай сыртқы істер министрлігі Ливия "әлеуметтік тұрақтылықты" қайта қалпына келтіреді деп үміттенетінін жеткізді.

Бірқатар ливиялық дипломаттар, оның ішінде Ливияның БҰҰ-дағы елшісінің орынбасары мен Үндістандағы елшісі оппозицияны қолдап, қызметінен кететіндерін айтты. Бұған Каддафидің наразылық танытушыларға қарсы шетел жалдамалыларын пайдалануы себеп болған.

Египет армиясы Ливиямен арадағы шекарасын күшейтіп жатқандығын хабарлады.