Қытай диссиденті 10 жылға түрмеге кесілді

Қытай соты елде демократиялық өзгерістер жасауды мұрат еткен мақалалары үшін жауапқа тартылған Лю Сяньбиньді он жылға түрмеге қамау туралы үкім шығарды. Бұл туралы «Ассошэйтед пресс» агенттігіне диссиденттің зайыбы хабарлаған.

Интернетте жарияланған мақалаларында үкіметке демократиялық реформалар жасау туралы жаппай талап қоюға шақырған Лю Сяньбиньді сот елдегі «заңды билікті құлатуға шақырған үндеу таратқаны» үшін айыпты деп таныған. Қытай заңында бұл бап бойынша айыпталғандарға бес жылға дейін түрме жазасын беру көзделген. Бірақ сот жаза мерзімін ұлғайта алады.

Лю Сяньбинь бұған дейін де осы бап бойынша сотталған.