Барак Обама: Усама бин Ладеннің өлген кездегі суреті жарияланбайды

Ақ үй басшылығы Усама бин Ладенге қарсы операцияның барысын бақылап отыр.

АҚШ президенті Барак Обама "әл-Қаида" террорлық ұйымының жетекшісі Усама бин Ладеннің өлі денесі бейнеленген фотосуреттерді жарияламауды жөн деп тапқан. Ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірмеу мақсатымен осындай шешім қабылдағаны туралы "Си-би-эс" телекомпаниясына берген сұқбатында Обаманың өзі мәлімдеген.

Жексенбі күні көрсетілгелі отырған бұл телесұқбаттағы кейбір жауаптарды Ақ үй өкілі Джей Карни брифингте журналистерге оқып берді.

Обаманың айтуынша, Пәкістанда мамырдың 1-і күні америкалық арнайы қызмет сарбаздары жүргізген операция кезінде қаза болған адам "әл-Қаиданың" жетекшісі екендігіне Ақ үй әкімшілігі шүбә келтірмейді.

Өлі бен Ладеннің суреттерін жариялау "зорлық-зомбылықты қайтадан қоздыруы немесе насихат құралы ретінде пайдаланылуы мүмкін" дейді Барак Обама.