"ҚазАқпарат" журналистері ереуіл бастады

"Қазинформ" логосы. Сурет ақпарат агенттігінің вебсайтынан алынды. 15 маусым 2011 жыл.

Қазақстанның "ҚазАқпарат" ақпарат агенттігінің қызметкерлері бүгін наразылық шарасын бастап, жалақыларының төленуін талап етті деп хабарлайды "Интерфакс-Қазақстан" агенттігі.

"2011 жылдың мамыр айындағы жалақыларымыз кешіктіріліп жатқандықтан ереуіл бастадық. Еңбек келісім-шартына сәйкес, жалақы әр айдың 10-ына дейін төленуі тиіс. Осы жылдың басынан бері мұндай қадамға үшінші рет барып отырмыз, себебі біздің компаниямызда жалақылар әрдайым кеш төленеді", - делінген мемлекеттік агенттік ұжымы таратқан мәлімдемеде.

"ҚазАқпарат" басшылығының мәліметінше, компания бюджетке 200 миллион теңгеден астам қаржы қарыз, қазір бұл мәселені сот қарап жатыр.