Тунистің экс-президентіне қарсы тағы бір сот басталды

Тунистің бұрынғы президенті Зин әл-Абедин Бен Әли.

Тунисте елің бұрынғы президенті Зин әл-Абедин Бен Әлиге қарсы тағы бір сот процесі басталды. Бұл жолы оған қару-жарақ пен есірткіні заңсыз сақтаған деген айып тағылып отыр.

Тергеушілердің айтуынша, қаңтар айында халық толқуынан шетелге қашып кеткен экс-президенттің сарайынан қару-жарақ пен есірткі табылған.

Бен Әли мен оның жұбайы Лейлаға қарсы бірінші сот процесі осыдан екі аптада бұрын аяқталған. Сот ерлі-зайыпты екеуін мемлекет қазынасын талан-таражға салған деп тауып, әрқайсысын 35 жыл түрме жазасына кесуге сырттай үкім шығарған еді.

Жыл басында биліктен тайдырылған Бен Әли мен оның отбасы Тунистен қашып, Сауд Арабиясын паналады.