Шұбарши мен Кеңқияқ тұрғындарынан қару тәркіленді

Темір ауданының Шұбарши ауылындағы мәдениет үйі. (Көрнекі сурет)

Ақтөбе облысындағы Шұбарши және Кеңқияқ ауылдары тұрғындарынан 20-дан астам қару-жарақ тәркіленді деп хабарлайды "Интерфакс-Қазақстан" агенттігі.

Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің басшысы Алмат Иманғалиевтің мәліметінше, жергілікті тұрғындардан тәркіленген қарулардың арасында марқұм полицейлердің Макаров пистолеті мен Калашников автоматы бар.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, шілденің 1-іне қараған түні белгісіз біреулер Ақтөбе облысы Темір ауданындағы Шұбарши ауылы жанында екі полиция қызметкерін өлтірген болатын. Полицейлерді өлтірді деп күдікке ілінгендерді тұтқындау мақсатында шілденің 2-сінде жүргізілген арнайы операция барысында "Арлан" арнайы бөлімінің бір сарбазы қаза тауып, үшеуі жараланды.

Бұдан кейін Шұбарши ауылына жақын Кеңкияқта полицейлер бір күдіктінің туысын атып тастаған еді.

Шілденің 9-ында "Сұңқар" арнайы бөлімінің қызметкерлері елдің батысында екі полицейді өлтіруге қатысы бар күдіктілерді ұстауға әрекет жасап, шабуылдаушы жақтан 9 адамды өлтірген. Кейінірек тағы екі күдіктінің ұсталғаны туралы хабарланды.