Египеттің бұрынғы президенті Мүбәрактің соты жалғасты

Қаирдің полиция академиясы жанына экс-президент Хосни Мүбәракті қолдаушылар жиналды. 5 қыркүйек. 2011 жыл.

Бүгін Египетте бұрынғы президент Хосни Мүбәракқа қарсы сот процесі жалғасын тапты. Оған "ақпан айында шеруге шыққан жүздеген бейбіт адамды өлтірді" және "сыбайлас жемқорлық істеріне қатысты айыптар тағылғанымен, Мүбәрак ол айыптарды мойындамай отыр.

Судья алдыңғы екі сот отырысы сияқты емес, бүгінгі сот барысын тікелей телеарна арқылы көрсетуге тыйым салды. Сот процесі жүріп жатқан Полиция академиясының сыртында Хосни Мүбәракты қолдаушылар мен қарсы топтар тағы да қақтығысып қалды.

Мүбәракпен бірге сотқа айыпкер ретінде оның екі ұлы Гамаль мен Алаа, бұрынғы ішкі істер министрі Хабиб әл-Әділ және бұрын полицияның жоғарғы лауазымды қызметінде болған тағы 6 адам қатысып отыр.

83 жастағы Мүбәракты қорғауға Каирге Кувейттен 10 адвокат келген. Олар 1990 жылы Ирак Кувейтке басып кіргенде Кувейтке қолдау танытқан Египет президентіне осылайша құрмет білдіретіндерін айтқан.