БҰҰ-да Палестина өтініші талқыланды

Президент Махмуд Аббас Палестинаны 1967 жылдың 4 маусымындағы шекарасы негізінде Әл-Құддыс Әл-Шариф, яғни Иерусалим астанасымен БҰҰ-ның толыққанды мүшесі етіп қабылдау туралы өтініш жазылған хатты ұстап тұр. Нью Йорк, 23 қыркүйек 2011 жыл.

Біріккен ұлттар ұйымында алғашқы рет палестиндіктердің осы халықаралық ұйымға мүше болу ұмтылысы талқыланды. Жұма күні Қауіпсіздік кеңесіне мүшелік жөніндегі комитеттің жабық есік жағдайында өткен бұл жиыны туралы егжей тегжейлі мәлімет берілмеді.

Қауіпсіздік кеңесі президенті Ливан елшісі Науал Саламның мәлімдеуінше, Палестина автономиясының өтінішіне алдағы аптада заңгер мамандар баға береді. Олар өз жұмыстары туралы екі аптаның ішінде баяндама әзірлеуі керек болады.

Өткен аптада Палестина автономиясы президенті Махмуд Аббас БҰҰ-ға мүше болу туралы бас хатшы Пан Ги-мунға ресми түрде хат тапсырған болатын. БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген Махмуд Аббас халықаралық қауымдастықты Палестина тәуелсіздігін мойындауға шақырды.