Қарағандыда Қазыбек биге ескерткіш қойылды

Қаздауысты Қазыбек бидің ескерткіші. Қарағанды, 10 қазан 2011 жыл.

Қарағанды қаласының орталығында Қаздауысты Қазыбек би ескерткішінің ашылу салтанаты өтті.

Ескерткіштің ашылуында сөз алғандардың бірі - Қарағандының «Болашақ» университетінің ректоры, «Қаздауысты Қазыбек» энциклопедиясын құрастырушы топтың жетекшісі Нұрлан Дулатбеков ескерткіштің тәуелсіз ел тарихында, өңірдің мәдени дамуында алатын орны жайлы айтты.

Ал қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров: «Мені ерекше қуантқаны - ұлы бидің ескерткіші облыс әкімдігінің алдында тұрса да, бетін билікке бұрмай, халыққа қарап тұр екен. Бұл - үлгі алатын нышан» - деді.

Қаздауысты Қазыбектің қоладан құйылған ескерткішінің биіктігі - 6 метр, тұғырымен қоса есептегенде -14 метр.

Ескерткіштің авторы - қарағандылық мүсінші Мұрат Мансұров.