Британ премьері патша отбасының мұрагерлік жүйесін өзгертуді ұсынды

Британ патшайымы Елизавета жұбайымен бірге күймеде отыр. Лондон, 25 мамыр 2010 ж.

Британ премьер-министрі Дэвид Кэмерон патша әулетінің мұрагерлік жүйесіне өзгерістер енгізу туралы бастама көтеріп отыр.

Мысалы, ол британ патшасының тағына мұрагерге католик дініндегілермен некеге отыруға салынған тыйымды жоюды, сондай-ақ, патша ұрпақтарының мұрагерлік құқығын олардың жынысына қарамастан бірдей етіп теңестіруді ұсынады. Кэмерон өзінің бұл ұсынысын өмірдің барлық саласында адамды жынысына қарап бөлмей, тең дәрежеде құқық беру қажеттігімен түсіндіреді.

Алайда, премьер-министрдің бұл ұсынысы заңды күшіне ену үшін, британ патшасын мемлекет басшысы ретінде танитын Ұлттар Қауымдастығына мүше 15 елдің келісімі керек.

Букингем сарайы бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыспайтынын айтып отыр.