Назарбаев "тұңғыш президент күнін" бекітті

Қазақстанның тұңғыш президенті атындағы саябақта ашылған Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші. Алматы, 11 қараша 2011 ж.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1 желтоқсанды "Қазақстанның тұңғыш президентінің күні" ретінде атап өтетін заңға қол қойды деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі. Оған сай 1 желтоқсан енді мемлекеттік ресми мерекелер қатарына енеді.

Бұған дейін сенат депутаты Анатолий Башмаков: «Мемлекеттің негізін салушы тұңғыш президенттің орасан зор үлесін ескере отырып, депутаттардың бір тобы сенат мәжілісіне Конституцияның 1-бабына және «Қазақстан парламенті мен оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңының 15-бабына сәйкес, сондай-ақ «Қазақстан республикасындағы мерекелер туралы заңға» орай 1 желтоқсанды мемлекеттік мейрам деп жариялауды ұсынамыз» деген.

1991 жылы 1 желтоқсанда алғаш өткізілген президент сайлауында сол кездегі Қазақ ССР-інің президенті Нұрсұлтан Назарбаев бес жылдық мерзімге президент болып сайланған еді.