Оралда Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алды

Ішкі істер министрлігінің қарулы жасағы Жаңаөзендегі 16 желтоқсандағы оқиғадан кейін қаланы қарауылдап жүр. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл.

Кеше Орал қаласының орталық алаңында 30-ға жуық журналистер мен қоғамдық ұйым өкілдері жиналып, Жаңаөзендегі оқиғаларда қаза тапқандарды шырақ жағып еске алды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Еске алу орталық алаңда жергілікті уақытпен кешкі сағат 6-жарымда басталып, жарты сағатқа созылған. Оларды полиция сырттай бақылап жүрді.

Шараға қатысушылардың бірі, "Орал апталығы" газеті редакторының орынбасары Ұлықпан Ахмедиярватың айтуынша, еске алушылар шараны әлеуметтік желілер арқылы ұйымдастырған.

Желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзендегі оқиғадан 14 адам қаза тауып, ондаған адам оқ тиіп жараланған соң қалада төтенше жағдай жарияланды. Коменданттық сағат тәртібі қаңтардың 5-іне дейін жалғасады.