Жаңаөзенде үш полицейді тергеу басталды

Жаңаөзендегі оқиғада полицияның тұрғындарға қару жұмсап жатқанын бейнелейтін видеодан алынған көрініс. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сында болған оқиғаларда қызмет бабын асыра пайдаланған үш қызметкерге қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр деп хабарлайды премьер-министрдің ресми веб-сайты.

Ал ҚазТАГ агенттігінің хабарлауынша, "Қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін үш полицейді қызметтік тергеу басталды" деген Жаңаөзен қаласының коменданты Аманжол Қабылов блогшылармен болған кездесуде.

Бұған дейін премьер-министр Кәрім Мәсімовтың баспасөз қызметінің шақыруымен қазақстандық бір топ блогшы Ақтау мен Жаңаөзенге келген.

Бас прокуратура Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сы күнгі оқиғада 15 адамның қаза болғанын растады. Жаңаөзендегі жағдайға қатысты наразылық білдіріп, Шетпе станциясында теміржолды жапқан тұрғындармен қақтығыста полиция оқ атып, 1 адам қаза болып, 12 адам жараланған.

Ал Жаңаөзен қалалық ауруханасының басшылығы бүгін желтоқсанның 25-інде жан сақтау бөлімінде жатқан тағы бір ер адамның қайтыс болғанын хабарлады.