Қоғамдық ұйымдар: Мәсімов отставкаға кетсін

Қазақстанның премьер-министрі Кәрім Мәсімов.

Қазақстандағы ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектердің бірқатар ұйымдары бүгін Жаңаөзендегі оқиғаларға қатысты премьер-министр Кәрім Мәсімовтың отставкаға кетуін талап етті.

Алматыда баспасөз жиынын өткізген аталған ұйымдар "үкімет соңғы жеті ай ішінде Маңғыстау облысы тұрғындарының еңбек дауы мен әлеуметтік мәселелерін шешіп бере алмады деп мәлімдеді.

"Ауғанстан соғысына қатысушы ардагерлер мен мүгедектері одағының" ұйымдастыру кеңесі төрағасының орынбасары Байкал Хамзин ардагерлердің Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі Қырымбек Көшербаевтың жеті ай бойы мұнайшыларға ешқандай шара қолданбай, адам шығынына ұшыратқаны үшін" қылмыстық жауапкершілікке тарту қажет деп санайтынын жеткізді.

Бұдан өзге, олар зорлық-зомбылық әрекеттеріне қатыспаған азаматтарға рақымшылық жасап, коменданттық сағат тәртібін алып тастауды, Жаңаөзендегі оқиғаның шынайы түрде тексерілуін және оқиға жайында толық ақпарат алуға мүмкіншілік жасалуын талап етеді.

Ауған соғысының ардагерлері сондай-ақ Жаңаөзен қаласында жүрген арнайы жасақ сарбаздарынан басқа ішкі істер министрлігі мен ішкі әскерлердің кеуделеріне өздерінің жеке басын айғақтайтын айырым белгісін тағып жүруді ұсынады.

Ресми орындар Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сы күнгі оқиғада 16 адамның қаза болғанын растады. Жаңаөзендегі жағдайға қатысты наразылық білдіріп, Шетпе станциясында теміржолды жапқан тұрғындармен қақтығыста полиция оқ атып, 1 адам қаза болып, 12 адам жараланған.