Бірінші вице-премьер қызметі Исекешевке жүктелді

Индустрия және жаңа технологиялар министрі, бірінші вице-министр қызметін атқарушы Әсет Исекешев.

Бірінші вице-премьер міндетін атқару индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевке жүктелді деп хабарлайды премьер-министр Кәрім Мәсімовке сілтеген ҚазТАГ агенттігі.

"Өмірзақ Естайұлы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына төраға болып кеткендіктен, бізде біраз ауыс-түйіс болып жатыр. Бірінші вице-премьерлікті шұғыл атқару Исекешевке жүктеледі" деген Мәсімов бүгін үкімет отырысында.

Бұдан бұрын премьер -министр Кәрім Мәсімов бұрынғы бірінші вице-премер Өмірзақ Шүкеевті "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Тимур Құлыбаевтың орнына тағайындаған болатын.