Министр "Жаңаөзен тұрғындарын өзге аймаққа көшіруді" ұсынды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі наурыздың ортасына қарай Жаңаөзен тұрғындарын "жұмыспен қамту - 2020" бағдарламасы бойынша басқа аймақтарға көшірудің ережелерін жасамақ. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова мәлімдеді.

"Халықты жұмыспен қамту бағдарламасының шағын қалалар тұрғындарының көшіп-қонуы туралы тармағына сай жаңаөзендіктерді өтініштер бойынша облыстан тысқары жерлерге көшіруді ұсынамын" деді министр.

Оның айтуынша, ақпан айының ішінде осыған қатысты құқықтық-нормативтік актілерге қажетті өзгерістер жасалады. "Жұмыспен қамту - 2020" бағдарламасына жиыны 200 мыңнан астам адам қамтылмақ. 2012 жылы бұл бағдарламаны іске асыру үшін бюджеттен 50,6 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр.