Ауғанстанда түрме тұтқындары аштық жариялады

Кабул маңындағы Пул-и-Чархи түрмесі.

Ауғанстандағы ең үлкен Пул-и-Чархи түрмесінде 100-ге тарта тұтқын өздеріне жағдай жасалмай отырғанына наразылық танытып, аштық жариялады.

Аты-жөнін атамаған түрме өкілінің айтуынша, тұтқындар үш күн бұрын ауыздарын тігіп, содан бері тамақ ішуден бас тартқан.

Тұтқындар түрмеде адам тым көп екенін, тамақ жеткілікті берілмейтіні айтып, шағымданған. Олар түрме қызметкерлерінің Құранды тартып алғанын да айтады. Түрме бастығы Хан Мохаммад Хан мұны жоққа шығарады.

Кабул маңындағы бұл танымал түрменің қауіпсіздік жүйесі тым күшті. Түрмеде үш мыңға тарта тұтқын бар. Олардың көпшілігі - адам өлтіру, есірткі саудасы сияқты айыптармен сотталғандар, "Талибан" мен "әл-Қаиданың" бұрынғы мүшелері.