Соколова түрмеден соң бірінші брифингін өткізді


8 наурыз қарсаңында босатылған заңгер, қоғамдық белсенді Наталья Соколова 26 наурыз күні Ақтауда түрмеден шыққаннан бергі бірінші баспасөз мәслихатын өткізді. Брифингтен соң заңгермен Азаттық тілшісі телефон арқылы тілдесті.

Соколованың айтуынша, мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған соң оның жұмысқа тұруына кедергі болуы мүмкін мәселелер бар. Брифинг өткізуге осы жайт себеп болған.

- Босап шығуыма бас прокуратураның 21 ақпан күні жоғарғы кеңеске түсірген қарсы арызы негіз болды. Бұл қарсы арызға түрткі болған менің бас прокуратураға жазған өтінішім еді. Ол өтініште мен кінәмді, яғни іс-әрекетімде әлеуметтік араздық тудырушы белгілер бар екенін мойындап, кәмелетке толмаған ұлымды алға тартып, жазамды жеңілдететін жайттардың бар екеніне нұсқадым. Осының бәрі ескеріліп, жазалау түрі кемітілді де, үш жылдық шартты түрде жазалау мерзімі болып өзгерді, - деді Наталья Соколова Азаттық тілшісіне.

Заңгердің айтуынша, оның жұмысқа тұруына қатысты шектеу жоқ. Қазір өзіне кеп түскен бірнеше ұсынысты қарастырып жатыр. Тек үш жыл бойы қоғамдық-саяси қызметпен айналыса алмайды.

- Өмірлік тәжірибем мен кәсіподақ бірлестігінің қоғамдық қызметіне қатысудан алған сабақтарыма сүйеніп, сақ болуға шақырар едім. Әлбетте, әркез заңдық құқықтарды талап ету керек, сол үшін кәсіподаққа бару қажет. Бірақ осы кәсіподақ мүддесін қорғау кезінде қандай да бір жағдай туса, оны өз мүддесі үшін пайдаланғысы келетін күштер болады. Олар адамдарды қыздырып, шайқалтып, көңіл-күйді ушықтыра түседі. Мұндай жағдайдың соңы аянышты нәтижеге апарып соқтырады, - деді Наталья Соколова.

Маңғыстаулық мұнайшылардың кәсіподақ ұйымының заңгері Наталья Соколова былтырғы тамыз айында "әлеуметтік араздық тудырды" деген айып бойынша алты жылға сотталған еді. Ол ереуілдеп жатқан мұнайшыларға заңдық тұрғыда кеңес беріп келген болатын. Биылғы наурыз айында Соколованың жазасы жеңілдетіліп, үш жыл шартты түрде өтеу шарасына өзгертіліп, ол үйіне жіберілген еді.

Маңғыстау облысындағы мұнайшылар ереуілі 2011 жылғы 16-17 желтоқсан күндері Жаңаөзен қаласы мен Шетпе станциясында толқуға ұласқан. Полицияның толқуды қарумен басып-жаншу кезінде 17 адам қаза тапқан еді.