ЕО Грекияны еуро аумағынан шықпауға шақырды

Еуропа комиссиясы басшысы Жозе Мануэл Баррозу. Брюссель, 16 мамыр 2012 жыл.

Еуропа Одағы (ЕО) басшылары "Грекияның экономикалық қиындықтарын шешудің ең дұрыс жолы - ол елдің еуро валютасы аумағында қалуы" деген пікірді тағы айтты.

ЕО кеңесі төрағасы Херман ван Ромпей мен Еуропа комиссиясы басшысы Жозе Мануэл Баррозу Кэмп-Дэвидте (АҚШ) өтіп жатқан "Үлкен сегіздік" саммитіне қатысып отыр. Кездесудегі басты тақырыптардың бірі - еуро аумағындағы, әсіресе Грекиядағы жағдай.

Баррозудың айтуынша, Грекия бұрынғы келісімдерде айтылған шарттарды орындаса, еуро аумағындағы елдер Афинаға қаржылай көмектесуге әзір.

Грекияда қазір саяси дағдарыс болып, елдің ЕО-дан шығуы жайлы сөз қозғала бастады. ЕО жақтаушылары жуықта өткен сайлауда үкімет құра алмай қалған еді. 17 маусымда қайтадан сайлау өтеді. Қазір елді уақытша үкімет басқарып отыр.