Жаңаөзен абақтысы бұрынғы басшысының шағымы қаралды

Жаңаөзен қалалық уақытша қамау изоляторының бұрынғы бастығы Жеңісбек Теміров. Ақтау, 25 сәуір 2012 жыл.

Маңғыстау облыстық соты Жаңаөзендегі уақытша қамау изоляторының (УҚИ) бұрынғы бастығы, 5 жылға сотталған Жеңісбек Теміровтің апелляциялық шағымын қарады. Судья Бейсенбаев Мақсат Теміровке кесілген жаза мерзімін өзгертпеді, тек дүние-мүлкін тәркілеу шешімінің күшін жойды. Бұл туралы Азаттық тілшісіне жәбірленуші жақтың қорғаушысы Шамин Базаров хабарлады.

Жеңісбек Теміров «2011 жылы 16 желтоқсандағы оқиға кезінде Базарбай Кенжебаевты УҚИ-ге заңсыз қаматты, оны дер кезінде ауруханаға жібермей, Кенжебаев содан көз жұмды» деген айып бойынша биыл 25 қаңтарда жауапқа тартылған.

17 маусымда Ақтау қалалық соты Жеңісбек Теміровті 5 жыл бас бостандығынан айыруға және дүние-мүлкін тәркілеуге үкім кескен. Сотқа жәбірленуші ретінде қатысқан Базарбай Кенжебаевтың қызы Әсем Кенжебаеваға Теміровтің 1 миллион теңге өндіріп беруін үкім еткен.