Бұрынғы елші: Сирия химиялық қару қолданудан тайынбайды

Сирияның Ирактағы бұрынғы елшісі Наваф Фарес.

Сирияның Ирактағы бұрынғы елшісі, оппозиция жағына шығып кеткен Наваф Фарес "президент Башар Асад режимі билікте қалу үшін химиялық қару қолданудан да тайынбайды" деп мәлімдеме жасады.

BBC телеарнасына сұхбат берген Наваф Фарес Хомс қаласында "үкімет әскері бейбіт тұрғындарға қарсы химиялық қаруды көптен бері қолданып келеді" деген расталмаған деректер бар екенін айтады.

Наваф Фарес бұған қоса Асад режимі "Әл-Қаидамен" бірігіп елде түрлі жарылыстар жасап жатыр дегенді де айтты.

Ал Дамаск "Батыс елдерінің өзі сүнниттік "Әл-Қаида" ұйымын азшылықты құрайтын Башар Асадтың алевиттік режиміне қарсы күресте қолдап отыр" деп айыптайды.

Бірақ Наваф Фарес "Әл-Қаида" мен Башар Асад режимі "ортақ мақсатқа" жету үшін көзқарас қайшылығын былай ысырып қойды" деді. Оның айтуынша, "Әл-Қаида" "өмір сүретін орта мен қолдау" іздесе, Асад режимі "сириялықтарды терроршыл қылып көрсетуді" көздейді.

Наваф Фарес Сирияның басқарушы БААС партиясында басшылық орындарда және елдің қауіпсіздік қызметтерінде істеген, Сирияның кейбір провинцияларын да басқарды. Ол 2008 жылдан бастап Сирияның Ирактағы елшісі қызметін атқарды.