FH: Журналистің соққыға жығылғаны тексерілуі тиіс

Freedom house ұйымының логотипі. Көрнекі сурет.

Халықаралық Freedom House адам құқықтарын қорғау ұйымы Астанада журналист Ұларбек Байтайлақты соққыға жығып кеткеніне алаңдап, Қазақстан билігін оқиғаны жан-жақты және әділ түрде тексеруге шақырды.

Ұларбек Байтайлақты 8 тамызға қараған түні үйіне жақын маңда аяусыз ұрып кеткен еді. Соққыдан ауыр жараланған журналист ауруханаға түсті. Оның мақалалары оппозициялық "Дат", "Төртінші билік" газеттері мен "Алтын тамыр" журналдарында жарияланған.

Freedom House ресми сайтында Қазақстанда оппозициялық бағыттағы ақпарат құралдарымен серіктес және коррупциялық қылмыстар жайында жазатын журналистерге жиі шабуыл жасалып, қуғынға ұшырайтынын айтады.

Ал бүгін "Интерфакс-Қазақстан" агенттігі Ақмола облысында журналистің соққыға жығылғанына қатысты қылмыстық кодекстің "бұзақылық жасау" айыбы бойынша іс қозғалғанын хабарлады.