Алматы облысында "террорист деген күдікпен 5 адамның көзі жойылды"

"Терроризмге қатысы болуы мүмкін 5 күдікті жойылған" оқиға орнында жүрген полицейлер. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 17 тамыз 2012 жыл.

Бүгін, 17 тамызда таң ата Алматы облысының аумағында "террорист деген күдікке ілінген 5 адамның көзі жойылды" деп хабарлады бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Прокуратураның ресми сайтында жарияланған хабарламада "17 тамызда құқық қорғау органдары Алматы облысының Қарасай ауданы Үлкен Алматы селолық округіне қарасты "Таң" саяжайларында террористік әрекетке қатысы бар деген бір топ адамды анықтады. Қолға түсіру кезінде олар қарсылық көрсетті. 5 қылмыскердің көзі жойылды, арнайы жасақтың бір сарбазы жараланды" деп жазылған.

Бұдан ары прокуратура таңғы 5 жарымда антитеррористік операция басталып, аталған аумақта ерекше тәртіп орнатылғанын айтады. Жақын маңдағы тұрғындар басқа жаққа шығарылған. Бейбіт тұрғындар арасында зардап шеккендер жоқ.

"Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнында тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр" дейді бас прокуратура.