Ресейде "діни сенімді қорғайтын" заң талқыланып жатыр

Архангельскіде белгісіз адамдар саяси қуғын-сүргін құрбандары ескерткіші маңындағы кресті құлатып тастады. Ресей, тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет).

Ресей мемлекеттік думасында адамның діни сенімі мен діни құндылықтарына тіл тигізгендерді жазаға тартуды көздейтін заң жобасы талқыға түсті.

Заң жобасы бойынша, "діни заттар мен құлшылық жасайтын орындарды бүлдіргендер" 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұдан өзге, құжатта 500 мың рубль айыппұл салу немесе 400 сағатқа дейін мәжбүрлі түрде жұмыс істету қарастырылған.

Діни ғұрыптар мен сенімді "масқаралағаны үшін" де қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы бап бар. Әкімшілік кодекске діни әдебиеттер мен рәміздерді көпшілік алдында қорлағандарға үлкен көлемде айыппұл салу жайында түзету енгізу қарастырылып отыр.

Бұған дейін Ресей мемлекеттік думасы депутаттары "барлық дін өкілдерінің діни сенімін қорғайтын" арнайы мәлімдеме жасап, діни экстремизм мен вандализмді айыптаған.